|
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылды Еріктілер жылы деп жариялағаны белгілі. Осы орайда, сіздің бастамаңызбен жүзеге асырылып жатқан «Ізгілік елшісі» жобасының ауқымы бүкіл ел аумағын қамтығаны қуантады. Жобаны алғаш қолға аларда осындай нәтиже күтіп пе едіңіз?
– «Волонтер» сөзі француз тілінен аударғанда ерікті деген мағынаны білдіреді. Яғни волонтерлік дегеніміз – қайтарымын күтпей, шын ниетімен жақсылық жасау. Өткен жылы Президентіміздің 2020 жылды ресми түрде Еріктілер жылы деп жариялағанын естігенде қатты қуандық. Өйткені атаулы жыл елімізде ізгілік жасауға ынталылардың қатарын көбейтіп, қоғамда мейірім мен жылулықтың артуына сеп болары сөзсіз. Қайырымды істерді насихаттау арқылы жастарды жанашырлыққа, жауапкершілікке баули аламыз.
«Ізгілік елшісі» қалай дүниеге келді? Университеттің басшылығы, оқытушылары, студенттері ізгі істермен бұрыннан айналысып келеді. Сол істерді көпке үлгі болатын деңгейде ұйымдастырып, неге қатарымызды көбейтпеске деген ой келді. Бастапқы мақсат әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларға көмектесу болды. Ректорымыз Такир Балықбаевтың қолдауымен жоба аясында жүзеге асырылған алғашқы 16 ісіміз мұқтаж отбасыларға материалдық көмек көрсетуге бағытталды. Содан кейін жан-жақтан қоңырау шалып, көмек сұраушылар көбейді. Олардың бәріне материалдық қолдау қажет. Біз қаржылық қор емеспіз, тұрмысы төмен отбасылардың бәріне көмектесуге қаржымыз жетпейді. Сондықтан жоба жұмысының бағытын өзгерткенді жөн көрдік. Еріктілердің басын қосып, қарттарға, қимыл-қозғалысы қиын жандар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға күтім жасау, көңілін аулау, қажет заттарын әкеліп беру секілді көмек көрсете бастадық. Ең бастысы, бұл істерді тұрақты әдетке айналдырдық.
Бүгінде «Ізгілік елшісі» жобасы аясында мұқтаж жандар мен көмек көрсетуге дайын азаматтардың ортақ мәлімет базасы жасақталды. Арнайы сайтта көмек қажет еткен жандар және оларға жәрдем бере алатын еріктілер өз өтініштерін қалдырып, бос уақытын, қолынан келетін қызмет түрін көрсете алады. Қазір Алматыдағы жоғары оқу орындарының көпшілігі біздің бастамамызды қолдап, өз студенттерін ізгілік жасауға үндеуде. Еліміздің өзге өңірлерінен де хабарласып, жобамызға қосылғысы келетіндер көп. Соның арқасында сайттағы өтініштер қатары күннен-күнге артып келеді. Жастар ғана емес, ерікті болуға ықыласты ересектер де бар.
Мәселен, жуырда Франциядан келіп оқып жүрген студентіміздің әкесі есігімді қақты. Ұлы жайлы сөйлескісі келетінін айтты. Өзі қызмет бабымен Қазақстанда тұрып жатқан Франция азаматы баласын Сорбонна-Қазақстан институтында оқытқанды құп көріпті. «Француздар баласының сабағына алаңдамаушы еді ғой, қазақтың әдеті жұғайын деген бе?» дедім қалжыңдап. Сөйтсем, ол кісі ұлының бойынан оң өзгерістер байқап, алғыс айтуға келіпті. «Ізгілік елшісі» жобасына қатысып, волонтерлікпен айналысқалы бері баласының мейірлене түскенін, айналасындағыларға көмек көрсетуге асығып тұратынын жеткізді. Ұлының бойындағы өзгерістер шабыттандырған болуы керек, өзі де біздің қатарымызға қосылып, еріктілікпен айналысқысы келетінін айтты. Сұрастыра келе, кәсіби суретші екенін білдім. «Біреуге көмегім тиер болса, ақысыз сурет салуға дайынмын» деп ағынан жарылды. Ақылдаса келе, Алматыдағы онкологиялық ауруларды емдейтін орталықтардың бірін әсем суреттермен безендіру туралы ой келді. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына барып, идеямызды айтып едік, басшылық бірден қолдау көрсетті. Сурет салуға қажетті материалдарды ұсынып, франциялық азаматтың қасына бірге жұмыс істейтін суретшілерді қосып берді. Жұмыс аяқталуға жақын. Емхана қабырғасындағы әсем көріністерді көріп, түрлі-түсті бояуларды көріп, жазылмайтын дертке шалдыққан науқастардың жүзіне қуаныш ұяласа, ауруын бір сәтке болса да ұмытса – мақсатымызға жеткеніміз.
– Айнұр Әлімханқызы, көпшілік Сорбонна-Қазақстан институтының атына қанық болғанымен, оның тыныс-тіршілігінен бейхабар. Институттың бастауында қандай оқиғалар тұр, бүгінгі өмірінің өзегі не, өзіңіз тарқатып берсеңіз...
– Сорбонна-Қазақстан институты 2014 жылы құрылды. Институтты Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Францияның сол кездегі президенті Франсуа Олланд мырза арнайы келіп ашқан болатын. Бастапқыда қос дипломды жүйе бойынша тек екі сала – халықаралық қатынастар мен менеджмент мамандарын даярлау қолға алынды. Ол уақытта институтта небәрі 40 шақты жас білім алса, бүгінде жаңа бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асырудың арқасында Сорбонна-Қазақстан институтында білім алғысы келетін талапкерлердің қатары көбейді. Осы орайда қазақ-француз ынтымақтастығын дамытуға өлшеусіз үлес қосып жүрген Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Такир Балықбаевтың еңбегін ерекше атап өткен жөн.
Біздің институт екі елдің де менеджменттік қағидаларын басшылыққа алады. Мен қазақстандық тараптан басқарушы болсам, франциялық тараптан үйлестіру, бақылау жұмыстарын қосалқы директор – Жиль Мамец мырза атқарады. Шетелдік әріптестеріміздің арқасында Францияның білім беру жүйесіндегі озық әдіс-тәсілдерді игеріп, Қазақстанда ғана емес, әлемнің кез келген мемлекетінде жұмыс істеуге қабілетті мамандарды даярлау жолындамыз.
Қазіргі таңда Сорбонна-Қазақстан институтында үш кафедра жұмыс істейді. Халықаралық құқық кафедрасы бірнеше тіл білетін заң саласы мамандарын даярлайды. Халықаралық қатынастар кафедрасы елімізде және өзге мемлекеттерде елшілік қызмет атқаратын дипломатия мамандарын оқытады. Экономикалық мамандықтар кафедрасында менеджмент, маркетинг, аудит және қаржы саласының болашақ мамандарына халықаралық талаптарға сай білім беріледі. Сорбонна-Қазақстан біздің елімізде ғана емес, Орталық Азия бойынша «Қос диплом» бағдарламасын жүзеге асыратын жалғыз оқу орны екенін мақтанышпен айта ала- мыз.
Сорбонна-Қазақстан институтының француз тілін жоғары деңгейде меңгерген, барлық пәндер бойынша жоғары нәтиже көрсеткен ең үздік шәкірттері ҚазҰПУ дипломымен қоса бізбен ынтымақтастық орнатқан франциялық жоғары оқу орындарының бірінің дипломына да қол жеткізеді.
Францияның білім беру жүйесі Еуропадағы ең озық үлгілердің бірі саналатыны белгілі. Бұл елдің жоғары оқу орындарына түсу екінің бірінің қолынан келмейді. Әсіресе, Париждегі Сорбонна университетінің студенті атану көпке арман. Шетелдіктер түгілі, жергілікті француздардың өзі бұл мәртебеге үлкен еңбекпен қол жеткізеді. Сондықтан біздің шәкірттеріміз өздеріне берілген мүмкіндіктің бағасына жетуге тырысады.
– Француздарды өте талғампаз әрі сақ халық деп жатады. Әріптестерін де мұқият таңдайтын болар? Бүгінде сіздермен ынтымақтаса жұмыс істеп жүрген Францияның жоғары оқу орындарымен байланыс орнату қиындық тудырған жоқ па?
– Сорбонна-Қазақстан институтына келіп, дәріс оқитын шетелдік оқытушылар оқуды кеше ғана бітірген магистрлер емес, тәжірибелі профессорлар, ғылым докторлары. Ынтымақтастықтың негізінде мемлекеттердің бір-біріне деген сыйластығы мен құрметі тұрғандықтан, Франция Қазақстанға үздік ұстаздарын жібереді. Сорбонна (USPC), Шығыс тілдері мен өркениеті ұлттық институты (INALCO Paris), Пуатье университеті, Страсбург, Лотарингия және Бордо университеттерімен келісімшарт жасалып, әр сала бойынша білікті оқытушылар біздің шәкірттерге дәріс оқуда. Мәселен, Страсбург университетінің құрметті президенті Кристиан Мэстр мырзаның өзі арнайы келді. Еуропа бойынша халықаралық құқық саласының ең мықты мамандарының бірі ретінде мойындалған оқытушының дәрісін тыңдауға студенттеріміз ғана емес, инс- титутымыздың оқытушылары да зор қызығушылық танытты.
Ең тұрақты әріптестеріміздің бірі – Лотарингия университеті. Бұл – Еуропадағы бай тарихы бар ең көне оқу орындарының бірі. Осы университеттің Заң факультетінің деканы, профессор Пьер Тиффин шақыртуымызды қабыл алып, қазақстандық жастармен өзінің толағай тәжірибесін, білім-білігін бөлісті. Сондай-ақ біздің институтта аталған университеттің 12 оқытушысының дәрісі жоспарланған. Олардың Сорбонна-Қазақстан институтымен жұмыс істеуге келісім беруіне шәкірттеріміздің Францияның тәжірибесіне деген қызығушылығы, Қазақстанның француз білім беру жүйесіне құрметпен қарауы ықпал етсе керек. Әйтпесе, Франция өз профессорларын өзге мемлекетке барып дәріс оқуға, еркінен тыс қандай да бір іспен айналысуға ешкім мәжбүрлей алмайды. Конституция оларға ерекше мәртебе берген. Француз ғалымдары университет басшылығы, тіпті ел басшылығынан да тәуелсіз. Олар ақша үшін, атақ үшін ақ тер, көк тер болмайды. Сапа үшін ғана жұмыс істейді. Өзінің де, өзгенің де уақытын алып, білімгерлерді сылдыр сөзбен алдарқату жоқ. Білгенімен, түйгенімен бөлісуге әркез даяр тұрады. Алдында он адам отырса да, жүз адам отырса да, аудиторияға үлкен құрметпен қарайды. Біздің институтқа келіп дәріс оқыған Францияның барлық оқытушыларынан осындай қасиеттерді аңғаруға болады.
– Шетелдік оқытушылар біздің елге келерде қандай шарттар қояды? Арнайы жағдай жасауды, айталық, бес жұлдызды қонақ үйден орын дайындауды талап ететіндер бола ма?
– Француздар – өте қарапайым халық. Ысырапшылдықты, көзбояушылықты ұнатпайды. Қарапайым қонақ үйлерде тұрады. Қарапайым киінеді. Әсіре назарды, аста-төк күтімді талап етпейді. Олардың әлемі бөлек, сезімтал қауым. Сіз бен біз әсерлене қоймайтын күнделікті құбылыстардың өзінен шабыттанады, рахат күй кешеді. Қардың жапалақтап жауғаны, мұздың еруі, шөпке шық түсуі, тіпті құстың ұшқанын да алғаш көргендей әсерленеді. Олар жарқ-жұрқ еткен дүниеден гөрі мағыналы, мәнді құбылыстарға көп назар аударады.
Франциялық оқытушылар біздің музейлерімізге, театрларымызға барғанды ұнатады. Орталық мемлекеттік музейдің экспонаттарын қазақстандықтардан артық біледі десем, асыра айтқаным емес. Театрдағы жаңа қойылымдар жайлы да бізден бұрын естіп, баруға асығады. Олар қазақтың ұлттық дәстүрлерін, мәдениетін танығысы келеді. Алматының тауларына шығып, табиғатымен танысуды қалайды. Шетелдіктер біздің тұмса табиғатымыз жайлы, ұлттық болмысымыз жайлы ықыласпен айтқанда, осы елдің қызы боп туғаныма мақтанышым арта түседі.
– Француз оқытушыларының біздің студенттер жайлы пікірі қандай?
– Шетелден шақырылған оқытушыларды дәрістен тыс уақытта кабинетіме шақырып, жиі пікір алмасамын. Қазақстандық білім беру жүйесі жайлы, қазақ жастарының білім-білігі туралы ойын сұраймын. Қуантарлығы, қонақтарымыздың барлығы студенттеріміздің жаңалыққа құштарлығын, алғырлығын таңдана айтады. Қазақтардың талғаммен киінетініне, таза жүретініне сүйсінеді. Әлі күнге дейін шетелдіктерден шәкірттеріміз туралы теріс пікір естіген емеспін. Еуропалықтардың көбі тік мінезді келеді, адамның көңіліне қарап жалған сөйлеу, жағынып-жалпақтау дегенді білмейді. Сондықтан олардың айтқанын асыра мақтау деп қабылдаған емеспін.
– Сорбонна-Қазақстан институтында білім алғысы келетін талапкерлерге француз тілін жетік білу міндетті ме?
– Магистратураға түсушілердің француз тілін білуі міндетті. Ал бакалаврға құжат тапсырғысы келетін талапкерлерден француз тілін білу талап етілмейді. Бірінші курстан бастап кәсіби пәндерден бөлек, француз тілі қарқынды оқытылады. Соның арқасында екінші курста шәкірттеріміз французша еркін сөйлей бастайды. Дәрістерді сөздіксіз, аудармашысыз тыңдап, түсінетін деңгейге жетеді. Әр курстың соңында сынақ өткізіп, тілді жетік меңгерген студенттерді іріктеп, академиялық мобильділік бойынша Францияға оқуға жібереміз. Францияның Қазақстандағы елшілігі де әртүрлі бағдарламалар арқылы жастарымыздың шетелде білім алуына көмектесіп келеді.
Француз тілін білу, Францияның алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алу халықаралық қатынастар, халықаралық құқық саласының болашақ мамандарына үлкен мүмкіндіктерге жол ашатыны анық. Өйткені француз тілі Францияның ғана емес, Бельгияның (фламанд тілімен бірге), Швейцарияның (неміс, итальян, ретороман тілдерімен бірге), Канаданың да (ағылшын тілімен бірге) мемлекеттік тілі. Сондай-ақ Люксембург, Монако, Андорра елдері, Африка мен Оңтүстік Америка халықтарының (Сенегал, Мали, Гвинея, Конго, Бенин, Гаити, т.б.) ресми және әдеби тілі. Бүгінде бұл тілде әлемнің 129 миллионға жуық халқы сөйлейді. Француз тілі белді халықаралық ұйымдардың, атап айтқанда, БҰҰ-ның ресми тілдерінің бірі екенін баса айтқан жөн. Демек, болашақта біздің институтымызды бітірген дипломаттарды биік мансап, жарқын болашақ күтіп тұр. Оларда таңдау көп, мүмкіндік мол. Қазірдің өзінде біздің түлектерімізге француз компанияларынан шақырту көп келеді. Алайда біз шәкірттеріміз ең әуелі өз еліміз үшін пайдалы болса, алған білімін Отанымыздың өркендеуіне жұмылдырса екен дейміз.
– Соңғы жылдары отандық жоғары оқу орындары түлектерінің жұмысқа орналасуын қадағалау міндеттеле бастады. Сіздер де өз шәкірттеріңіздің оқу бітіргеннен кейінгі тыныс-тіршілігінен хабардарсыздар ма?
– Әрине, түлектерімізбен үнемі байланыстамыз. Бакалаврды бітірген шәкірттеріміздің дені «Абай-Верн» бағдарламасы бойынша магистратураға түсіп, оқуды жалғастырады. Бұл – Францияның Қазақстандағы елшілігі және Қазақстанның Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен қолға алынған бағдарлама. Бағдарламаның кем-кетігі, жетілдірілетін тұстары баршылық. Алайда ол міндетті түрде жалғасын табуы керек. Өйткені ел жастарының сапалы білім алуына септігі мол. Ауқатты отбасылардың балалары ешқандай грант, бағдарламаларсыз-ақ қалаған мемлекетіне барып оқи алады. Ал шалғайдағы ауылдардан келген, көпбалалы отбасылардан шыққан дарынды жастардың арманына қанат бітіретін мұндай бағдарламаларды дамыта түсу қажет.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Анар ЛЕПЕСОВА
http://www.turkystan.kz/article/93940-ajn-r-s-bitova-izgilik-elshisi-izgi-amaldar-a-bastap-zh-r гиперсілтемесін міндетті түрде қойыңыз.