|
2022 жылдың 1 ақпанында Сорбонна-Қазақстан институтының директоры, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қоғамдық кеңесінің мүшесі Айнұр Сәбитова, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен кеңейтілген алқа отырысына қатысты. Сондай-ақ, шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов және мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен қызметкерлер қатысты. Шарада Қазақстан Республикасының Президенті сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті.
Мемлекет басшысы жұмыстың тиімділігін нақты нәтижеге қарап бағалайтынын атап өтті. Түпкі мақсат – жемқорлықтан азат қоғам құру. Президент сыбайлас жемқорлықпен тиімді күресті таза құқық қорғау жұмысынсыз елестету мүмкін емес деп санайды. Президент сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың барлық бағыттарын түбегейлі қайта қарауға шақырды, сондай-ақ уәкілетті органдардың алдына бірқатар міндеттер қойды. Оның ойынша, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы кәсіпкерлер мен тұрғындардың өтініштері бойынша жүйелі жұмыс жүргізу қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордағы сатып алулардың бүкіл жүйесін қайта қарауды тапсырды. Ол мемлекеттік сатып алуларға беделі бар, тиісті техникасы мен білікті жұмысшылары бар, салықты уақтылы төлейтін өндірушілер қатысуы керек деп есептейді.
2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша дайындалып, көпшілік орындарда талқыланды.
Осы тұрғыда Абай атындағы ҚазҰПУ Сорбонна-Қазақстан Институты «Акселератор добра: Ізгілік Елшісі» волонтерлік қозғалысының еріктілері "Алматы Адалдық Алаңы" жоба кеңсесінің алаңдарында халық арасында құқықтық насихат және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында халықпен белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын естеріңізге саламыз.