|
Алматыға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан гуманитарлық жүк келді. Онда медициналық маска, халат, респираторлар бар. Гуманитарлық жүктерді түсіру және қабылдау процесіне Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері, қаланың қоғам қайраткерлерімен бірге «Акселератор добра – Ізгілік елшісі» еріктілер қозғалысының жетекшісі, Абай атындағы ҚазҰПУ Сорбонна-Қазақстан институтының директоры Айнұр Сәбитова да қатысты.
ҚазҰПУ еріктілері жүктерге «Бесплатно – Тегiн» деген белгісі бар мөрлер қойды. Әрі қарай белсенділер гуманитарлық жүктің тиісті мекенжайларға жеткізілуіне мониторинг жүргізетін болады.
Алматы қаласында карантин кезеңінде Абай университетінің еріктілері санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуына мониторинг жүргізу бойынша іс-шараларға да қатысты. Мониторинг тобы – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және Алматы қаласы Ішкі істер департаментінің өкілдері, «Ізгілік елшісі» еріктілері, Арнайы бақылау топтарының қоғамдық белсенділері қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарына (кафелер, мейрамханалар және т.б.) рейд жүргізді. Осы рейд барысында кейбір мекемелерде тәртіп бұзушылық, карантин нормаларының сақталмауы, дәлірек айтқанда, сағат 23:00-ден кейін жұмыс істеуі анықталды. Осы деректер бойынша актілер жасалып, учаскелік полиция қызметкерлері шақырылды. Қоғамдық белсенділер халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Бұл акция бірреттік емес, барлық карантин кезеңінде құқық қорғау органдарымен бірге жүргізілетін болады. Санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды, маскалық режимді сақтау, адамдардың жиналуын болдырмау – осының бәрі пандемиямен күресте маңызды фактор екенін үнемі есте сақтауға тиіспіз.
Aқпарат көздері: https://aikyn.kz/qazupw-eriktileri-rejd-zhasap-zhuer/ , https://www.bilim.expert/single-post/2020/07/18/Команда-волонтёров-Abai-University-последние-новости, https://bilimdinews.kz/?p=112311